Дүниежүзілік псориаз күні 29 қазанда әлемнің 80-нен астам елінде Халықаралық псориаз қауымдастықтары федерациясының (IFPA) қамқорлығымен атап өтіледі. Бұл күн псориаз немесе псориазды артритпен ауыратын адамдарға арналған және халықтың ауру туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Қазақстанда псориаз диагнозы қойылған 6242 пациент ресми тіркелді. Олардың шамамен 30%-ында аурудың орташа және орташа ауыр түрлері бар.

Біздің елімізде 2020 жылдан бастап псориазды емдеу тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне енгізілген және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қаржыландырылады. Пациенттер тиімді гендік-инженерлік биологиялық терапияны тегін алады. Бұл аурудың барлық жағымсыз белгілерін жоюға, теріні псориаз көріністерінен тазартуға, сондай-ақ буындардың зақымдануының дамуын болдырмауға және осылайша өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Псориазға қарсы инновациялық жетістік фототерапия әдісі болды. ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерматовенеролог дәрігері Ольга Смирнованың бастамасымен псориаз бен витилигоны емдеуге арналған шамдар мен кабиналар Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларында, жартылай кабиналар Ақтау, Алматы, Шымкент қалаларында, жергілікті аппараттар Астана, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Шымкент қалаларында пайда болды.  Бүгінде 500-ден астам қазақстандық осы емдеу әдісін пайдаланды.

Псориаз - бұл терінің созылмалы қабыну ауруы, онда дененің аймақтары бляшкалармен және қабыршақтармен жабылған. Ауру буындарға әсер етуі, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін. Терідегі бөртпелер көбінесе физикалық және эмоциялық жайсыздықты тудырады және пациенттердің өзін-өзі бағалауы мен психологиялық әл-ауқатына теріс әсер етеді.

Қоғамдағы әлеуметтік стигматизация пациенттерге дәл диагноз қоюға және дұрыс емделуге жиі кедергі келтіреді. Бұл емдеуді кешіктіруге және ауру белгілерінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Соңғы әлемдік ғылыми дәлелдер псориазбен ауыратын адамдардың санын бірнеше миллионға бағалайды.

Дүниежүзілік псориаз күні қарсаңында ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық  аурулар ғылыми орталығы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен және "Дерматовенерологтар, дерматокосметологтар және лепрологтар қоғамы" ҚБ-мен әріптестікте Ресей мен Қырғыз Республикасының ғалымдары мен дәрігерлерінің қатысуымен III мультидисциплинарлық дерматовенерология білім академиясын өткізді.

Пікірталас алаңында тері ауруларын, соның ішінде псориазды емдеудегі әлемдік трендтер мен зерттеулер талқыланды. Қазақстандық дәрігерлер ең тиімді әдістемелер мен үздік тәжірибелерді қызметке алады.